ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ: басқарма басшысы грант иегерлерімен кездесті

0
251

Қайтарымсыз грант кредит төлемдерін төлеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қаралмаған.


ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ: басқарма басшысы грант иегерлерімен кездесті

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 2-лек бойынша қайтарымсыз грант иегерлерімен кездесті.

Жиынға қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасы мен “Атамекен” ҰКП Шымкент қалалық филиалының өкілдері арнайы шақырылды.
Басқарма басшысы 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант иегерлеріне өздері қорғаған бизнес-жобаларды жүзеге асыруы, әр тоқсан сайын Еңбек мобильділігіне есеп ұсынуы жайында түсіндірді.
— Қала халқының экономикалық жағдайын жақсартуға, әлеуметтік әлсіз топтардың бизнес-жобаларын жүзеге асыруға, сол арқылы өз-өзін жұмыспен қамтып, жұмыс орындарын құру үшін қайтарымсыз грант жақсы мүмкіндік. Десе де, берілген қаржы мақсатты жұмсалмаса - мемлекетке қайтарылатынын да ұмытпаған жөн. Енді сіздер әлеуметтік жағынан әлсіз топтар қатарындағы азаматтар емес, шағын кәсіпкерсіздер. Кәсіптеріңізді дөңгелетіп, әр тоқсан сайын Еңбек мобильділігі орталығына есептеріңізді тапсырып, салық төлемдерін төлеп отырсаңыздар бір жылдан кейін мемлекет тарапынан берілетін өзге де игіліктерге қол жеткізе аласыздар. Мәселен, 5 млн теңге көлеміндегі грант, ауыл шаруашылығы бағытын таңдағандарға сол саладағы субсидияны алуға болады. Ол үшін сіздер ұсынған жобаларыңызды мақсат жолында іске асыруларыңыз қажет, - деді Жанат Өмірмейітқызы.
Грант иегерлеріне әр тоқсан сайын есеп ұсынудың жолын Еңбек мобильділігі орталығы директордың орынбасары Бекболат Алиханов көрсетіп берді. Оның айтуынша, азаматтар қайтарымсыз грантқа өтінім берген кезде ұсынған бизнес-жобадағы көрсетілген заттарды ғана сатып алуы тиіс. Грант қаржысына сатып алынған әр зат фискальді түбіртектегі QR коды арқылы тексеріледі. Сонда түбіртектің шынайы немесе жалғандығы бірден анықталады екен.
Биылғы 2-лекте 217 үміткердің жобасына комиссия грант мақұлдады. Қазір грант иегерлеріне бекітілген төлемдердерді жүргізу үстінде. Қайтарымсыз грант кредит төлемдерін төлеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қаралмаған.
Әр тоқсан сайын Еңбек мобильділігі орталығындағы мониторинг бөлімінің мамандары қаржының мақсатты жұмсалуын бақылайды. Грант иегері қайтарымсыз қаржыны өзі ұсынған бизнес-жоба бойынша іске асырмаса, мемлекетке қайтарылады.
Бөлісу