Қала басшысы бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстар мен өтініштер негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың дамуы мен тазалығына атсалысып жүрген Әл-Фараби ауданының белсенді азаматтарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тұрғындар көтерген әрбір мәселенің орындалуы өз бақылауында болатынын айтқан қала басшысы бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстар мен өтініштер негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Бұған дейін болған кездесулерде жалпы 68 мәселе көтерілген болатын. Бүгінде оның 28-і толық орындалып, тұрғындардың өтініші қанағаттандырылған. Ал 29 тапсырма орындалу үстінде. Сондай-ақ, тұрғындардың 5 өтініші тұрақты бақылауды қажет етсе, 2 ұсыныс келесі жылы жүзеге асырылмақ.
Мәселен «Сәуле» шағын ауданынан жүретін қоғамдық көліктердің «Қазығұрт» шағын ауданына дейін ұзарту туралы өтініш берілген болатын. Нәтижесінде №96 және №43 маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгертіліп, тұрғындарға қолайлы етіп жасалды.
Сондай-ақ, 195 орамдағы Қырыққыз көшесін жарықтандыру бойынша ұсыныс бірден назарға алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аталған көшеге 31 жарық шамдары орнатылды.
Ал, Әл-Фараби ауданының үй басқарушылары мен белсенді азаматтарынан құрылған кеңесте инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, тазалық сынды әлеуметтік мәселелер шешімін табуда.