«Нұрлы жер»: Шымкентте 100-ге жуық отбасы арендалық баспанамен қамтылды

0
1 632

Оның ішінде 74 пәтер көпбалалы отбасыларға, 24 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға берілді.


«Нұрлы жер»: Шымкентте 100-ге жуық отбасы арендалық баспанамен қамтылды

Шымкентте Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегіндегі 98 отбасы арендалық баспанамен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оның ішінде 74 пәтер көпбалалы отбасыларға, 24 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға берілді. Жаңа баспаналар Нұрсәт және Шымсити шағын аудандарында орналасқан. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Шымкентте 2833 азаматты баспанамен қамту жоспарланған. Тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға 324 пәтер, жастарға - 888 пәтер, несиелік бағытта 1621 пәтер беру көзделуде.
Айта кетейік, биылдан бастап Шымкент қаласында тұрғын үй кезегі бойынша арнайы санаттарға жатпайтын азаматтардың да баспанамен қамтылуына мүмкіндік қарастырылады. Жаңадан іске қосылатын «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы алғашқы кезеңде 150 адамды пәтермен қамту жоспарланып отыр. Аталған бағдарлама арқылы берілетін займның ең көп мөлшері 20 миллион теңгеден аспайды. Пайыздық мөлшерлемесі – 5%. Бастапқы жарнасы – 10%-дан басталады. Несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін жалғасады. “Қамқор” өңірлік бағдарламасына Шымкент қаласы аумағында салынған үйлерді алуға болады. Қазіргі таңда “Отбасы банк” осы өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын атқарып жатыр.

Еске сала кетейік, өткен жылы Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» бағыты бойынша 120 отбасы несиелік баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Югстройсервис-Н»-ЖШС-і мен «Орион ЛТД» ЖШС-і мердігер мекемелері жүргізген. Сонымен қатар, 1 527 азамат сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз етілсе, оның 857-і жастар бағдарламасы негізінде 5 жылға табысталуда. Одан бөлек несиелік негізде 1 269 азамат баспанамен қамтылды.