​“Отбасы - отанымның тірегі”: Шымкентте форум өткізілді

0
594

Форум аясында қала тұрғындарының үздік отбасы болуға деген ынтасын арттыру үшін «Үздік Отбасы» премиясы тағайындалды.


​“Отбасы - отанымның тірегі”: Шымкентте форум өткізілді

Шымкентте алғаш рет отбасы институтын дамыту мақсатында форум өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қоғамда басты құндылықтарды арттырып, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау үшін ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, отбасы институтын қолдау мен нығайту мәселеріне тоқталды.

«Отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана өлшенбейді. Сондықтан, отбасы институтын қолдау тек мемлекеттің, мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекеттен қаншама қолдау болғанымен адам өз отбасын сақтап, дамытуда жауапкершілік сезінбесе, миллиардтап бөлініп жатқан қаржы мен мемлекеттің қамқорлығы түкке де тұрмайтынын түсінуіміз қажет. Баршамыз күш біріктіре отырып, жас ұрпақты өз отбасына жауапкершілікпен қарайтын азамат етіп тәрбиелеп шықсақ, нағыз үлкен жетістік сол болмақ. Өйткені, отбасына жауапкершілікпен қараған азамат Отанына да адал қызмет етеді», - деді қала әкімі.

Аталған форумға «Мерейлі отбасы» жобасының қатысушылары, аудандардың үздік отбасылары, жаңадан шаңырақ көтерген жастар қатысты. Еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында отбасы институтына қатысты проблемалар ашық талқыланды. Маңызы айрықша іс-шараға арнайы шақырылған спикерлер мен зиялы қауым өкілдері Б.Тұрғараев, М.Алиев, Ғ.Қалыбаевтың үлгі-өнегелері мен жастардың тәрбиесіне қатысты пікірлері, салиқалы ойлары ортаға салынды.

Сондай-ақ қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттауда, отбасы институтын дамытуда туындаған өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар сарапқа салынды. Форум аясында қала тұрғындарының үздік отбасы болуға деген ынтасын арттыру үшін «Үздік Отбасы» премиясы тағайындалды.

Салтанатты жиын сахна саңлақтарының ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ән шашуына ұласты.