«Пәтер әділетсіз үлестірілуде»: Көпбалалы аналар Шымкент әкімдігінде шу шығарды

0
1 070

Ал шенеуніктер мұның бәрін жоққа шығарады.


«Пәтер әділетсіз үлестірілуде»: Көпбалалы аналар Шымкент әкімдігінде шу шығарды

Пәтердің әділетсіз үлестіріліп жатқанына наразы әйелдер Шымкент әкімдігінде тағы да шу шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК каналына сілтеме жасап.

Көпбалалы және жалғызбасты аналардың айтуынша, кезекпен беріліп жатқан пәтерлер тым әділетсіз үлестіріліп жатқан көрінеді.

«Кеше 450 үй беріліп жатыр. Ол кімге беріліп жатыр, білмейміз. «Шымкент Ситиде» баржоғы 30 пайыз адам тұрып жатыр деді. Қалған үйлер 9 қабаттың барлығы бос, содан беріледі деді. Бізге 20-шы желтоқсанға дейін Әбдінұровтың өзінің берген еркекше сөзі бар. «Сендер аласыңдар, «Шымкент Ситидегі» үйдің жарығы, газы қосылмай жатыр, күтіңдер, барлығын істеп береміз» деді. Енді, ақырында үй жоқ», - дейді Ләззат Күлжанова есімді тұрғын.

Ақ қағазға «Шындық жоқ» деп жазып, әкімдіктің алдында шулаған әйелдердің айтуынша, үшінші мегаполисте кезекті жылжытуға әбден болады. «Ол үшін жауапты шенеуніктерге 600 мың мен бір жарым миллион теңгенің арасында ауызбастырық берсе болды», - дейді. Сондай-ақ, мысал ретінде электронды порталда кезегі тым күмәнді жылжыған өзге адамдардың тізімін көрсетті. Мәселен, портал бойынша қыркүйек айында үш мыңыншы орында тұрған әйел, арада үш ай өткен соң мыңыншы болып шыға келіпті.

Ал шенеуніктер мұның бәрін жоққа шығарады. Электронды кезекті реттеу мүмкін емес екенін айтып, жиналған жұрттың бәрі «пәтер алады» деп отыр. Мәселен, алдағы бір айдың өзінде мың жарымнан астам адамға үй берілмекші. Ал, оған шыдам керек.

«Биыл заң өзгерді. Көпбалалы отбасыларды біз бөлек санатқа шығардық. Сол кезде толық емес санатта тұрған азамат көпбалалы отбасына өтті. Сол үшін бір санаттан екінші санатқа өтіп, содан цифралар өзгерді», - дейді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәлік Әбдінұров.