Шалбарларды 10 мың теңгеге дейін сататын кәсіпкер жылдық салыққа 720 теңге төлейді екен.
Сурет: Kapital.kz
Өткен жылы көлеңкелі кәсіптің кесірінен Шымкент қаласының қазынасына 7 миллиард теңге түспей қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жөнінде Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Табысын мемлекеттен жасыратындардың рейтингін тойханалар мен саудагерлер бастап тұр.
Мәселен, Шымкенттегі 118 тойхана 2018 жылы 206 миллион мүлік салығын төлеу тиіс болған. Алайда, сол қаржының 38 миллионын ғана төлепті. Салықтан жалтарғандардың қатарында бақуатты адамдар ғана той жасай алатын «Royal Rose» тойханасы да бар. Ал, «Екі жұлдыз», « Ұлытау» тойханалары былтыр 7,8 миллион теңге салық төлеуі қажет болған. Күні бүгінге дейін соның тек 380 мыңы ғана төленген.
Айта кету керек, екі тойхананың да егесі бір кәсіпкер. Ол «пысықай» мұнысымен қоймай сол екі тойханада 3 адам жұмыс істейді деп есеп берген. Үш бірдей салтанат залы бар «Мұса" тойханасында да 3-ақ жұмысшы бар дегенге сіз сенер ме едіңіз? Ғимарат иесі солай көрсетіп, бір жылға бар-жоғы 60 мың теңге төлеген.
Шымкент қаласындағы саудагерлердің қулығы да жаға ұстатады. Нақтырақ айтсақ, «Дархан" базарында шалбарларды 10 мың теңгеге дейін сататын кәсіпкер, жылдық салыққа 720 теңге төлейді екен. Ескі қала шағын ауданында құрылыс заттарын сататын екі азамат осы күнге дейін жылына 10-12 мың теңге төлеп келген.
Не деген "по шымкентский" тірліктер, бала сенбейтін нәрсеге "бақандай" салық мекемелерін сендіре алады, деп жазады жергілікті басылым "Қазақстан жолы" газеті.