Жедел жәрдем дәрігерлері келгенде сәбидің жүрегі тоқтап қалғандығын айтқан.
иллюстрациялық фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден
Шымкент қаласында 11 айлық сәбиін шомылдырып жатқан ана перзентінен айырылып қала жаздады - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Абайсызда суға тұншығып қалған нәресте дем ала алмай қалған. Зәресі ұшқан анасы дереу жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем дәрігерлері келгенде сәбидің жүрегі тоқтап қалғандығын айтқан. Дем алысы білінбей, жүрек қағысы тоқтап қалған 11 айлық балаға ақ халаттылар дереу жан сақтау тәсілдерін жасап, алғашқы медициналық көмекті көрсеткен.
"31.03.2019ж. күні сағат 15.54-те жедел жәрдем станциясына 11 айлық баланың тұншығып қалғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Құрамында дәрігер С.Саидмұрадова және фельдшер бар 8-ші бригада шұғыл шақырылымға жіберілді. Баланы қарау кезінде жүрегінің тоқтап, дем алысы байқалмай, бала ес түзсіз халде болған. Жедел көрсетілген реанимациялық шара нәтижесінде 3 минуттан соң сәбидің жағдайы жақсарып, тіршілік белгілерін білдірген"- деп хабарлайды Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жүрегі соғып, есін жиған сәбиді жедел жәрдем дәрігерлері қалалық балалар ауруханасына жеткізген. Шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, алты күн бойында бала ауруханада қажетті ем домын алған соң үйіне қайтарылған.