Жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында төтеншеліктер профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкентте ТЖ департаменті мамандары қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2019 жылғы кезекті өрт қауіпсіздігі айлығына орай және жылу беру маусымы қарсаңында Шымкент қаласы ТЖ департаментінің мамандары түтін құбырларын тазалау бойынша Көксай 2, 3 елді мекендерінде қайрымдылық акциясын өткізді. Акция барысында аудандық әкімшілік және КазТрансГаз Аймак қызметкерлерімен бірлесіп әлеуметтік қорғалмаған отбасыларында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, пеш құбырларын тексеру және түтін шығаратын мұржаларды тазалау жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ, ТЖ департаментінің мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласындағы өрт жағдайы 2018 жылмен салыстырғанда 15 %-ға өскен және 2019 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін 161 өрт тіркеліп, тілсіз жау салдарынан 5 адам қайтыс болған. Сонымен қатар, 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымында газға уланудың 6 оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 7 адам ажал құшқаны анықталып отыр.
Айта кетейік, аталған іс-шара қала аумағындағы әлеуметтік тұрғыдан осалжәне мүгедектері бар отбасыларына көмек көрсету, өрт қауіпсіздік саласында өрттер мен қайтыс болатын адамдардың санын төмендету, жазатайым оқиғаларды болдырмау және халықтың арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы профилактикалық іс-шаралар жылу беру маусымының соңына дейін жалғасады.