Суға қосу жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталатын болады.
Шымкент қаласында Бадам тұрғын алабындағы 100 отбасы жақын күндері сапалы ауыз суға қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов «Бадам-1» тұрғын алабының инфрақұрылым жүйелерінің жағдайымен танысып, сол аумақтың тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар кездесуде өткен жылы құрылысы аяқталған ауыз суды қосу мәселесін көтерді.
Жалпы Бадам-1 шағын ауданында 5 мыңға жуық тұрса, оның ішінде 100 отбасы жаңақұрылыс бөлігінде тұрады. Осы бөліктегі тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдың мамыр айында құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ынтымақ Бес Арыс» жүргізген болатын. Ауыз су құрылысының пайдалануға берілгеніне алты айға жуық уақыт болса да, әлі күнге дейін суға қосу жұмыстары жүргізілмеген.
Қала әкімі туындаған мәселені шешу жолдарын қарастырып, тиісті сала басшысына нақты тапсырмаларды міндеттеді.
Ал, Бадам -2 жаңақұрылыс аумағын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында «Лидер Строй Проект» ЖШС тарапынан жүргізілген құрылыс жұмыстар аяқталып, қазіргі уақытта тұрғындарды суға қосу жұмыстары жүргізілуде. Суға қосу жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталатын болады.