Алдағы уақытта балалар туризмін дамытуды аймақ, өңіраралық деңгейде өткізуді жоспарлауда.
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының маңызды функцияларының бірі - ішкі туризмді дамыту. Басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы осы бағытта – «Балалар туризм апталығын» ұйымдастырған болатын. Балалар мен жасөспірімдерге орталықтың гид-экскурсоводтарының жетекшілігімен әр нысанның мән-мазмұны туралы нақты деректер негізінде ақпараттар берілді. Экскурсия бағдарламасының барысы тек ақпаратпен шектелмей, оқушылардың өзара достық қарым-қатынас орнатуларына да ықпал етті.
«Барлығымыз үшін ең қымбат естеліктер - ол бала кезіміздегі сәттер. Апталықтың басты мақсатының бірі – жасөспірімдерге әдемі саяхат ұйымдастыра отырып, өмір бойы жадында қалатын естеліктер сыйлау болатын. Сондықтан, бағдарламаға қаланың ең танымал туристік орындары біріктіріліп, апталық барысында 10-нан аса нысанға тегін экскурсия жүргізілді», - деді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы алдағы уақытта балалар туризмін дамытуды аймақ, өңіраралық деңгейде өткізуді жоспарлауда.
«Балалар туризм апталығы» деп аталатын экскурсияға Шымкент қаласының ең танымал туристік орындары біріктірілген. Атап айтқанда: «Кең баба» этно-саябағы, жасөспірімдерге арналған қуыршақ театры, Ордабасы алаңы, «Shym Qala» тарихи-мәдени кешені, Тәуелсіздік саябағы, Даңқ мемориалы, Бейнелеу өнері музейі, Бәйдібек би монументі, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Зообақ.