Қаланы цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысты.
Шымкент қаласына қызметтік сапармен Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Министр Шымкентке сапары кезінде шалғай орналасқан елдімекен тұрғындарымен кездесіп, қаланы цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысты. Одан соң әкімдік ғимаратында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжіліске қатысты.
Жиында қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Абдраханов қаладағы цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, алдағы жоспарларын айтты.
Өткен жылы қаладағы интернет желісін жақсарту мақсатында министрлікпен жол картасы жасалған. Соған сәйкес, 3 кезең бойынша жұмыс жоспары әзірленді. 1-кезеңде 11 жер учаскесі әзірленіп, антенна-матчталық қондырғылар қойылды. Алтынтөбе, Асар, Асар-2, Ақтас-2, Көкбұлақ, Солтүстік-батыс, Достық, Тұран, Айкөл және Шымкент ситидегі екі жерде базалық станция іске қосылды. Екінші кезеңде 13 жер анықталып, матчталық қондырғылар қою жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар, 30 қоғамдық орынға «Ақылды күнбағыс» кешені орнатылды. Онда тұрғындар тегін wi-fi қолдана алады. Мұндай кешен жыл соңына дейін қосымша 30 орынмен толықпақ.
Басқарма басшысы бұдан өзге, білім және денсаулық саласының толығымен электронды форматқа көшірілгенін атап өтті. Қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесінің енгізілгені, диспетчерлік орталықтың ашылғаны тағы бар.
- Тұрғынүй коммуналдық шаруашылық саласына қатысты 2 жобаны қолға алдық. Сондай-ақ, «Ақылды жаяу жүргінші жолы», «Ақылды есептегіш» секілді жобаларды жасау жоспары тұр. «Ақылды көше шамдары» жобасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 303 көше жарықтандырылмақ. Нәтижесінде мегаполисті жарықтандыру 70 пайызды құрайды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 100-ге тарта іс-шара жүргізілетін болады, - деді Әсет Абдраханов.
Күнделікті өмірде цифрлық сала айнымас бөлшегімізге айналды деген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов басталған жұмыстар өз мерзімінде сапалы аяқталуын тапсырды. Халықты ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен қамтамасыз ету, оның ішінде интернет желісін дамыту басты міндеттеріңіз. Бұл ретте байланыс қызметтерін ұсынатын провайдерлер мен мобильдік операторлармен келіссөздер жүргізіп, көрсетілетін қызметтердің сапасына ерекше назар аударыңдар деп сала басшысына жүктеді.
Өз кезегінде, аталған ведомство басшысы Шымкенттегі нәтижелі жұмыстарды оң бағалап, бұдан әрі де айти, цифрландыру саласын жандандыру қажеттігін айтты.
"Пилоттық жобалардан негізгі жобаларға жылдам өту керек. Тұрғындармен қарым-қатынасты нығайту керек. Орталықтағы маман өңірді жақсы білуі өте маңызды. Құрылысы жүріп жатқан үйлерге су, газ, жылу сияқты, оптикалық интернет те тартылу керек. Өзге қаланың мамандармен де тәжірибе алмасып, бірге жұмыс жасауға да болады", - деді Б.Мусин.