Шымкент қаласының әкімі Венгрия елшісімен кездесті

0
2 679

Венгрия Орталық Еуропада Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойған алғашқы мемлекет.


Шымкент қаласының әкімі Венгрия елшісімен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михай Галошфаи, Бас консул Ференц Блауманнмен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кездесуде тараптар іскерлік байланыстар және ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде әңгімелесті.

Венгрия Орталық Еуропада Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойған алғашқы мемлекет.

Қала әкімі Михай Галошфаи, Ференц Блауманн мырзаларға екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, венгр компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

– Сіздің еліңіз инновацияны мықты қолдау негізінде тиімді даму үлгісін көрсетіп отыр. Осыған байланысты біз венгр компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және дамыту мәселелеріне ерекше мән береміз. Біз венгриялық компаниялардың түрлі салаларда - туризм, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылық, машина жасау және басқа да өнеркәсіптік бағыттарда инвестиция салуын құптаймыз. Венгрияның іскер топтарын Шымкентте өз белсенділіктерін арттыруға шақырамын. Бұл үшін қаламызда барлық жағдай жасалған. Бізде қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал құрылған, – деді қала әкімі.


Шаһар басшысы қаланы дамытудағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша ашық және сындарлы диалогқа дайын екенін атап өтті. Бұл орайда Венгрияның Шымкент қаласындағы құрметті консулы Қайрат Құсайынұлы мырзамен қажетті мәселелерді бірлесе шешпек.