ШЫМКЕНТ: Кәсіпорындардан өтініш қабылдау 30 сәуір күні аяқталады

0
1 436

Өтініштерді азаматтар 2020 жылғы 30 сәуір күнгі сағат 14:00-ге дейін ұсынып үлгеруі тиіс.


ШЫМКЕНТ: Кәсіпорындардан өтініш қабылдау 30 сәуір күні аяқталады

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 27 сәуірдегі мәлімдемесіне сәйкес, Шымкент қаласы аумағында іске қосылатын нысандар бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Брифинг барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов 2020 жылғы 1 мамырдан бастап қалада кейбір кәсіпкерлік нысандарының қалпына келтірудің бірінші кезеңі басталатынын атап өтті.

- Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Президент тапсырмасымен елімізде карантин режимін жеңілдету мәселесін қарастырған болатын. Осыған орай Шымкентте 1 мамырдан бастап бірқатар қызмет көрсету, сауда салалары мен қаржы ұйымдары іске қосылады. Бүкіл жерде қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс, - деді қала әкімінің орынбасары.

Мақсұт Пернебайұлының мәлімдеуінше, қызмет көрсету саласында жеткізу сервисі болған жағдайда алдын ала жазылу бойынша химиялық тазалау, кір жуу орындары, кілемдерді тазалау, тұрмыстық (оның ішінде ұйымдастыру техникасы, мобильді құрылғылар) және өнеркәсіптік техниканы жөндеу орталықтары, көлік жуу (өзіне-өзі қызмет көрсету) жұмысын бастамақ. Сондай-ақ, шиномонтаж, май ауыстыру орталықтары, техникалық қызмет көрсету стансалары, автосервистер («Сергек» деректер базасына тіркелген автокөлік құралдары үшін), токарь, дәнекерлеу және жиһаз цехтары, алдын ала жазылу бойынша санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып әсемдік салондары, шаштараздар, ателье, киім мен аяқ киімді жөндеу нүктелері сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, тек тұрмыстық техникаларды онлайн-жеткізу режимінде жұмыс істейтін сауда үйлері мен дүкендерге, көшеттерді, пестицидтерді, тыңайтқыштарды, бау-бақша тауарларын сататын дүкендерге, жүк автокөлігі мен ауыл шаруашылығы және құрылыс техникасына арналған автобөлшектер мен шиналарды сататын дүкендер мен қоймаларға, оптика және автосалондарға рұқсат беріледі.

Сонымен қатар, қаладағы микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және ақша айырбастау пункттері сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс істейтін болады.

- Қазіргі таңда аталған кәсіпкерлік нысандардан өтініштерді қабылдау басталып кетті. Өтініштерді азаматтар 2020 жылғы 30 сәуір күнгі сағат 14:00-ге дейін ұсынып үлгеруі тиіс. Осы күні жауапты мамандар барлық өтінішті жедел қарап, құжаттар расталған жағдайда кәсіпкерлік нысандарға 1 мамырдан бастап жұмысын бастауға рұқсат беріледі, - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Өтініштерді қабылдау пошталары:
Абай ауданы – karantin.abai@mail.ru;
Әл-Фараби ауданы –karantin.alfarabi@mail.ru;
Еңбекші ауданы – karantin.enbekshi@mail.ru;
Қаратау ауданы – karantin.karatau@mail.ru