ШЫМКЕНТ: Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау ережелеріне өзгеріс енгізілді

0
1 173

Магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламаларына құжаттар 2022 жылғы 1 наурыз бен 23 шілде аралығында қабылданады.


ШЫМКЕНТ: Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау ережелеріне өзгеріс енгізілді

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қалалық филиалының директоры Нысанбаев Әділет Әділбекұлы 2022 жылға арналған жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға қабылдау ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстанда қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен біліктілігін арттыруға жауапты жалғыз жоғары оқу орны 2 жыл және одан да жоғары жұмыс өтілі бар барлық мемлекеттік қызметшілерді 2022-2023 оқу жылына грантқа түсуге шақырады!
Магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламаларына құжаттар 2022 жылғы 1 наурыз бен 23 шілде аралығында Академияның www.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданады.
Академияның оқу бағдарламалары мен қажетті құжаттар тізімі туралы толық ақпаратты жоғарыда аталған ақпараттық жүйеден алуға болады.
Әділет Әділбекұлы еліміздегі бірегей білім ордасында QAZAQ RESMI TEST-ке дайындық, PIPPLET ТЕСТ-ке дайындық, шешендік өнер бойынша бейне курстар, білім беру бағдарламасына кіріспе деп аталатын үш дербес модульден тұратын Pre-sessional курстарын өткізу тәжірибесі жалғасып жатқанын айтты.
“Курстарға тіркелу Академияның веб-сайтында 2022 жылдың 1 наурызынан 28 наурызына дейін жүреді. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап 1 және 2 модульдерге дайындық курстары онлайн форматта ақылы негізде өтеді. Бір академиялық сағаттың құны – 941 теңге тұрса, негізгі курс 36 сағат – 33 876 теңге, ал толық курс 72 сағат – 67 752 теңге болады және де курстар оқытушымен онлайн режимінде, сондай-ақ бейнеролик түрінде де өтеді, мұнда оқуды Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері, шақырылған оқытушылар жүргізеді”, - деді.
Сонымен қатар, Pre-sessional курстары, олардың құны мен мазмұны туралы толығырақ ақпаратты Академияның www.apa.kz сайтының «Қабылдау» бөлімінде және Академияның әлеуметтік желілерінен білуге болады (Instagram - @apa.kz), ( Facebook – Academy of Public Administration under the President of Kazakhstan).