Жігітімен ұрсып қалып, өзін-өзі өртеген болуы мүмкін.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қаласы Тассай шағын ауданында өзін-өзі өртеген 31 жастағы әйел жан сақтау бөлімінде қайтыс болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.
«Өзін-өзі өртеген әйел 6 желтоқсан күні жан сақтау бөлімінде кешкі сағат 18.00 шамасында көз жұмды. Оның денесінің 85 %-ын күйік шалған және ауруханаға келгенде жағдайы ауыр болған», - делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, бұл оқиға Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
"Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 105-бабы (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.