ШЫМКЕНТ: Таксист жолақы төлеуден бас тартқан жолаушының қарбыздары мен ақшасын тартып алған

0
1 111

Жүргізуші жәбірленуші әйелге материалды шығын келтірген.


ШЫМКЕНТ: Таксист жолақы төлеуден бас тартқан жолаушының қарбыздары мен ақшасын тартып алған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте қолындағы қарбыздары мен ақшасын тартып алған таксистен жәбір көрген жолаушы жүргізушіні сотқа берген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласында 2 шілде күні сағат кешкі 22.00 шамасында такси тоқтатқан әйел жүргізушіден Жібек жолы көшесіндегі «Ремзона» аялдамасы жаққа апарып тастауын өтінген. Келісілген жерге жеткенде жолаушы таксист жігітке көшенің қиылысына дейін жеткізуді сұрайды. Ал, такси жүргізушісі келіспеген соң жолаушы әйел жолақысын бермейтінін айтып, көліктен түспек болады. Сол кезде 33 жастағы такси жүргізушісі жолаушысының қолындағы екі қарбызы мен 2 000 теңгесін мәжбүрлеп тартып алып, жәбірленушіге материалды шығын келтірген. Содан кейін, жәбірленуші бірден құқық қорғау органдарына шағымданған.

Сот жинақталған дәлелдерді қорытып, оларға құқықтық баға бере отырып, Н.Т есімді азаматтың қылмыстық теріс қылық әрекетін ҚК-нің 389-бабы 1-бөлігімен саралаған.
Басты сот талқылауында сотталушы Н.Т. өзіне тағылған айыпты толық мойындап, жасаған әрекеті үшін шын жүректен өкінетінін айтқан. Қылмыскер қазіргі таңда келтірілген залалды қалпына келтіргенін, жәбірленушімен медиация тәртібі арқылы татуласқандарын жеткізе отырып, оның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, жауаптылықтан босатуды сұраған. Сондай-ақ, жәбірленуші әйел адам да сотталушы Н.Т. өзіне келтірілген шығынды төлегенін, сотталушыға кешірім бергенін айтып, сотталушыны қылмыстық жауапкершілікке тартпауды сұраған. Нәтижесінде, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында қаралған қылмыстық іс медиация тәртібімен, яғни бітімгершілікпен аяқталған.