ШЫМКЕНТ: Техникалық қызмет көрсету келісімшарты электронды жүйеге көшті

0
809

«I-Shymkent» порталына 13 компанияның тиісті мәліметтері енгізіліп, іске қосылды.


ШЫМКЕНТ: Техникалық қызмет көрсету келісімшарты электронды жүйеге көшті

Шымкент қаласында 29 компания үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге тиісті аттестат алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Талдау жұмыстарының нәтижесінде қалада бүгінде 13 компания қызмет атқарады. Ал мұржалар мен желдеткіш арналарын тазалайтын 7 мекеме бар. Олармен тиісті шарт жасалуын цифрландыру мақсатында «I-Shymkent» порталына 13 компанияның тиісті мәліметтері енгізіліп, іске қосылды. Осылайша техникалық қызмет көрсетуге келісімшартты электронды түрде жасауға мүмкіндік бар.

Осыған байланысты жауапты мамандар қысқы мезгілде жылыту құралдарын пайдаланудың қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Осыған орай қала тұрғындарына иіс газынан уланудың алдын алу үшін үйдегі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуші мекемелермен келісімшарт жасау қажеттілігі түсіндірілуде.
Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары қала әкімінің тапсырмаларына сәйкес тұрғындар арасында газды пайдалануда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша үгіт-насихат жүргізіп келеді. Жыл басынан бері тұрғындарға 42 мыңнан астам жадынама таратылды. Сонымен қатар БАҚ беттерінде видеороликтер, мақалалар жарияланып, арнайы мамандандырылған мекемелердің басшыларының қатысуымен 2 тікелей эфир өткізілді.
Мұндағы мақсат – жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан туындайтын улану жағдайларын болдырмау.

Айта кетейік, Шымкент қаласында болып жатқан барлық төтенше жағдайлардың 86%-ы өрттің салдарынан болған. Қауіп жылыту кезеңі қарсаңында күрделене түсуде. Жалпы Шымкент қаласының 83% газбен жабдықталған. Бұл ретте халықтың улы және табиғи газбен улануымен байланысты жазатайым оқиғалардың ықтималдығы жоғары. Өткен жылу беру маусымында тұрғын үйлерде 56 өрт тіркелген, материалдық шығын 86 млн. теңгені құрады. Табиғи газбен улану бойынша 4 жағдай тіркелді, нәтижесінде 3 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алған.

Алдағы жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді. “2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу” іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды.