Мегаполис монополистеріне 100 млн. теңгеден астам айыппұл салынған
Шымкент қаласында заңнаманы бұзған монополистерге салынған айыппұлдың 40 млн. теңгедейі ғана өндірілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл 2019 жылы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментіне келіп түскен 212 арыз бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесі.
Қазіргі таңда аталған айыппұл соммасының 41,2 млн. теңгесі ғана өндірілген. Сондай-ақ, Заңнаманы бұзушылықтарды тез арада жою туралы 35 нұсқама шығарылып, тұтынушылардан негізсіз алынған 286,6 млн.теңге қайтарылған.
«Монополистер өтінімдері мен есептерін электронды түрде тапсырады, бұл – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыра отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қадам. Сонымен қатар, біздің департаментте «53-42-66» сенім телефоны іске қосылып, жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен ұсыныстары үшін арнайы жәшіктер де орнатылған», - деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қайынбердиев Дархан.
Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, тұрғындардан келетін арыз-шағымның басым бөлігі табиғи газға байланысты болады екен және оның себебі үшінші мегаполистің монополистері бағаны тұтынған мөлшерден артық көрсетуі.