ШЫМКЕНТ: «Университеттердің білім беру бағдарламаларында STEM пәндерін ілгерілету» тақырыбында кездесу өтті

0
520

Жиын соңында студенттер көкейтесті сауалдарын қойып, пікір алмасты.


ШЫМКЕНТ: «Университеттердің білім беру бағдарламаларында STEM пәндерін ілгерілету» тақырыбында кездесу өтті

«Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамасымен ҚР Президентінің Жолдауы аясында «Университеттердің білім беру бағдарламаларында STEM пәндерін ілгерілету» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынды ОҚМПУ оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Анарбаев жүргізіп отырды.

STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) -ғылым, технологиялар, инженерия және математика ұғымын білдіреді. STEM негізінде бұл түсініктің жаңа нұсқалары пайда болды, солардың ішінде кең таралғаны STEAM және STREM. STEAM-да өнер саласы,STREAM-да робототехника бағыты қосылып тұр. Қазіргі уақытта STEM әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі. Бұл ұғымның маңызы —білім-ғылымды өмірде, өндірісте ұштастыра білумен құнды, - деп атап өтті Қ.Анарбаев.

«Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілі Бақтыбай Әлипов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы білім-ғылым мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес салаларына айқын тоқталды. Президент әр Жолдауда жастар мәселесі мен білім-ғылым саласының жайына айрықша мән беріп келеді. Мәселен, 2-6 жас аралығындағы балалардың толық балабақшамен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ, Қ.Тоқаев: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» дей келе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын тиянақты жүзеге асыруды міндеттеді. Қуантарлық жағдай, бүгінде Шымкентте апатты мектептер мүлде жоқ. Енді бірер жылда 3 ауысымды мектептер де болмайды. Ендігі мақсат — ауыл және қала мектептерінің білім сапасындағы айырмашылықты едәуір азайту. Ол мына сіздердің, жас, білікті мамандардың қолында, - деді ол.

Ал, аталмыш оқу орнының физика-математика факультетінің деканы Ақмарал Ибашева универститет қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі, оның шеңберінде академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамалар шынайы өмір контексінде зерттеледі. Мұндай тәсілдің мақсаты – мектеп, қоғам, жұмыс және бүкіл әлем арасында STEM-сауаттылықты дамытуға және әлемдік экономикадағы бәсекеге ықпал ететін нық байланыстарды орнату. Бүгінде физика-математика факультеті ғана емес, бүтін оқу орны бұл салаға ерекше мән беріп отыр. Біз жыл сайын қолымыздағы бар дүниелерді пайдалана отырып, түрлі құрылғылар ойластырып жүрген студенттеріміз үшін көрме ұйымдастырып отырамыз. Технологияның жетістіктерін пайдалана отырып, QR-код негізінде тарихи-танымдық ақпарат беретін орталықты жабдықтап шықтық. Яғни, тек техниканың тілін меңгеріп ғана қоймай, оны мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытып, тарихымызды дәріптеу мақсатында қолдана білуіміз шарт, - деді А.Ибашева.

Жиын соңында студенттер көкейтесті сауалдарын қойып, пікір алмасты.