Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы 5 аптаға жалғасады.
ERNUR.KZ. Шымкентте Еңбекші ауданы да “Таза Қазақстан” акциясында белсенділік танытуда.
Бүгін аудан тұрғындары, әкімдік қызметкерлері және Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы аудан аумағында орналасқан Алатау саябағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Еске салсақ, Президент тапсырмасымен қолған алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы 5 аптаға жалғасады. Шымкенттіктер шара соңына дейін тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, қаланың көркеюіне үлестерін қосуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді.
Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілген.