Биыл елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбековтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Баспасөз мәжілісінде Боранбай Нигметұлы қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтты.
– Қазіргі таңда қалада 81 елді мекеннің 5 елді мекені (Сайрам, Құрсай, Қайнарбұлақ, Сәуле, Жаңаталап) кестемен, 7-еуі (Тұран, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан, Ақтас, Асар-2) тасымалды ауыз сумен, ал 69-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Биыл аталған елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы 3 магистралды суаққы, тасымалды 7 елді мекен және кестемен 2 елді мекеннің құрылысы аяқталып, 25,6 мың адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан 98 пайызға өседі, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, осы жылы Қаратау мен Әл-Фараби аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал жыл қорытындысымен Абай ауданындағы 5 шағын ауданда (Ынтымақ-2, Батыс-Жаңатұрлан, Жаңаталап, Солтүстік саяжай) құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілсе, 1 шағын аудандағы (Құрсай 1 этап, Құрсай 2 этап) құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі болмақ.