Арнайы техникалар мен жұмысшылар жұмылдырылған.
Шымкент қаласының барлық аудан аумағында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қаратау ауданы аумағында да бұл жұмыстар ұдайы назарда. Қазіргі таңда аудандағы ирригациялық арықтар мен жиектерді тазалау жұмыстары атқарылуда. Күнделікті таңғы 5:30-дан бастап орталық көшелерді жуу және көше бойларын тазалау бойынша арнайы техникалар мен жұмысшылар жұмылдырылған.
Барлық атқарылып жатқан жұмыстарға Қаратау ауданы әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген.
Сонымен қоса, Еңбекші ауданы аумағында да санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты назарда.
Бүгінде аудан аумағында көше бойын тазалау, ағаштарды әктеу, шөп ору жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта 547 жұмысшы, 53 техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар, аудан аумағында жеке тұрғын үйлерден көшеге шығарылып тасталған тас-құм және құрылыс қалдықтары бойынша экологиялық полиция мен Еңбекші ауданы әкімінің қызметкерлері бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізді.
Сондай-ақ, Абай ауданындағы көпқабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларындағы ирригациялық жүйелерді тазалаумен қатар, негізгі көшелердің бойындағы жасыл желектерді қырқу, күтіп ұстау және баптау жұмыстары жүргізілді.
Санитарлық тазалық жұмыстарына бақылау жүргізу мақсатында аудан аумағы 11 секторға бөлінген. Санитарлық тазалық жұмыстарына 27 техника және 123 қызметкер жұмылдырылып, тұрақты атқарылуда.