Отбасы мүшелері иіссіз газдан улануы да, тағамнан улануы да мүмкін.
Шымкентте бір отбасы уланып, екі бірдей бүлдіршін ұлдарынан айырылды. Қайғылы жағдай 3 қараша күні орын алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Отбасы әкесінің айтуынша, таңғы 4.40 шамасында жедел жәрдем қызметі шақырылған. "Тамақтан улану" диагнозын қойып ем тағайындалған. Жағдайлары нашарлай бастаған соң тағы да жедел жәрдем қызметі шақырылған. Ақ халаттылар анасы мен үш баласы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. 2015 жылы туған 4 жастағы ұл бала есін жимастан сол ауруханада көз жұмған. 32 жастағы әйел мен екі баласы токсикологиялық орталыққа жіберілген. Өкінішке орай 2018 жылы туған бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмаған. Екі жасар ұл бала да уланудан қайтыс болған.
Шымкент қаласы гипербариялық оксинигенациялық орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, уланудың нақты себебі анықталып жатыр. Иіссіз газдан улануы да, тағамнан улануы да әбден мүмкін көрінеді. Қазір уланып қалған отбасының 2 мүшесі 32 жастағы анасы мен 11 жастағы қызының жағдайы қанағаттанарлық дейді дәрігерлер.
Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, уланып қалған отбасы тұрған үйде орталық жылыту жүйесі бар, орталық газ құбыры жоқ. Оқиға орнына жеткен Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері улы газбен улану фактісі тіркелмеген деп отыр.
"Жедел кезекшілердің басқару пультіне 2019 жылғы 03 қарашада сағат 12-23-де жұқпалы аурулар ауруханасына таңертең 10-30-да "тағамнан улану" диагнозымен бір отбасыдан шыққан балалар мен анасы түскені туралы ақпарат келіп түсті. Отбасы Еңбекші ауданы Алдияров көшесіндегі көп қабатты үйде тұратын. Үйде орталық жылыту жүйесі бар, орталық газ құбыры жоқ"- делінген Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында .