Әуе компаниясының жолаушыларға жіберген хабарламасында рейстің мүлдем ұшпайтыны туралы ескертілмегені белгілі болды.
Шымкентте Fly Arystan билетін сатып алған жолаушылар ұша алмай қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы КТК телеарнасы көрсетті.
Нақтырақ айтсақ, әуе компания 12 мамырға Шымкент-Нұр-Сұлтан бағытына билет сатқан. Алайда не ұшағы жоқ, не әуежай жұмыс істемей, ақырында жолаушылар не істерін білмей дал болған.
Телеарна мәліметінше, мегаполис әуежайының алдында жиналған қырықтан аса жолаушының бірі Нұр-Сұлтан қаласындағы айдан астам көрмеген отбасына асықса, біреуін жұмысқа шақыртқан.
Тіпті шұғыл ота жасатуға кетіп бара жатқандар да бар.
Алайда, онлайн түрде Fly Arystan әуе компаниясына билет алған тұрғындар әуежайға келгенде кезде абдырап қалған.
Өйткені, әуежай жабық, ал билет сатқан операторлар түрлі сылтау айтуға көшкен көрінеді.
"Кеш болды, ал ұшақ әлі жоқ. Тіпті телефон соғып сұрағанымызда мардымды ештеңе айта алмады, нақты уақытын айтсаңыздар десем,"білмейміз, әуежай қашан ашылады, сол кезде ұшамыз" дейді. Ары қарай хабарласа алмай жатырмыз. Мен Fly Arystan компаниясына бұдан кейін мүлдем жоламаймын", - дейді жолаушылардың бірі Ақжарқын Наурызбаева.
- Қазір әуежайды борт қабылдауға дайындаймыз, шұғыл түрде. Адамдарды жұмысқа шығарамыз. Екі-үш сағат ішінде дайындаймыз. Ол кісілерді Нұр Сұлтанға әкетіңіздер деп. Бірінші ұсынысымыз, -дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов.
Ал екіншісі Нұр Сұлтанға ұшатын ертеңгі рейске тағы бір ұшақ қосып, бүгін кететіндерді ертеңгілермен бірге жеткізу ұсынысы. Бірақ билет сатуды білгенмен, ұйымдастыруы олақ әуе компанияның бұл ұсыныстарды орындау-орындамауы белгісіз. Енді әуежайда қалған жолаушылар ұшып кеткенше, олардың ас-суы әуежай мен Шымкент әкімдігінің мойнында.