Шымкентте инвестиция тарту көлемі 73,2%-ға артқан

0
698

2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 млрд. теңге инвестиция тартылған.


Шымкентте инвестиция тарту көлемі 73,2%-ға артқан

Шымкент қаласында инвестиция тарту көлемі 73,2%-ға артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен салалық басқарма басшылары қатысты. Министр инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы, Ақмола, облысы мен Алматы қаласында жоғары өсім байқалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Шымкент қаласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі 73,2 пайызға артқан. 2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 млрд. теңге инвестиция тартылды, осы көрсеткіш бойынша Шымкент елімізде бірінші орынға ие болды.
Ал, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан. 2021 жылы жалпы құны 152,6 млрд теңге, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен 63 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бүгінде 63 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды.
Жалпы қалада 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн. теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Жаңа 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады. Оның ішінде, 2022 жылы құны 241 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда.
Бұл жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп, проблемалық мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Бүгінгі таңда қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру бағытында 2021 жылдың қорытындысымен инвестициялық штабтың 16 отырысы өткізіліп, 157 инвестициялық жобаға қолдау көрсетілген.