​Шымкентте қаланың қақ ортасында асфальт опырылып түсті (фото)

0
1 595

Опырылған асфальттан он метр жерде балабақша орналасқан.


​Шымкентте қаланың қақ ортасында асфальт опырылып түсті (фото)

ERNUR.KZ. Шілденің 31-не сағат таңғы 7.30-да "Стамбул" тұрғын үй комплексі жанындағы "Асқаржан" балабақшасына барар жолдағы ішкі орам жолының аумағы 32 шаршы метрді құрайтын асфальт қабаты ойылып түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық әкімдігінің берген мәліметіне сәйкес, асфальттің астаң кестеңінің шығуына сол маңда көпқабатты тұрғынүй құрылысын жүргізіп жатқан "Нұр Демир" ЖШС-і себеп болған. Жаңадан үй салмақ болған компания қазандық, яғни котлован қазып жатқан. "Қаза-қаза тұрғын үйлерге таяп қалды" деп шырылдаған сол маңдағы тұрғындар ашу-ызасын жасыра алмады.

Динар Боранбаева, қала тұрғыны:

"Мұншалықты қазу жұмыстарын жүргізуге жекеменшік компанияға кім рұқсат берген?! Қадағалаушалыр қайда? Қарапайым халықтың жайына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Айналамыздың бәрі қауіпке толы. Қазып-қазып тіпті ауламызға таяп қалды ғой. Үш метр, бір метр деп жылжып келеді. Ертең күн суытып, жаңбыржауса қазылған топырақ тағы да төгіліп, бізге қарай ойыла беретін болады."

Опырылған асфальттан он метр жерде балабақша орналасқан. Ойылған шұқырдан балабақшаға барар жол жабылып қалған. Сәбилерінің қауіпсіздігі үшін шырылдаған ата аналар тіпті құрылыстың жүргізілгеніне қарсы екендіктерін айтады.

"Менің осында балам мен келінім тұрады. Немерелерім осы маңда серуендейді. Балалар алаңшасы да жоқ еді. Енді мына құрылыс тіптен жүретін жолды жауып барады. Балалар жалғыз өздері ойнауға өте қауіпті болып барады. Бүгін тіптен таңертең шошып ояндық. Айдың күннің аманында асфальттің опырылғаны не сұмдық?! Біз жалпы, мына құрылысқа қарсымыз! Балалардың қауіпсіздігі үшін қорқып отыратын болдық", - дейді қала тұрғыны Алдияр Баланай.

Жергелікті әкімдік болса, оқиға орнына таңертеңнен Түркістан облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының бас маманы, құрылыс компания өкілі мен учаскелік полиция инспекторы, әкімдік қызметкері келіп акт түзіліп, комиссия құрылғанын хабарлады. Қалалық мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасына арнайы хат жолданды. Қауіпсіздік үшін қазір қоршауға алынғанын айтты Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Александр Малахов.