15 сәуірден бастап желіге шыға бастайды.
Фото: Ернар Мамыр
Шымкентте жыл соңына дейін сатып алынған қоғамдық көліктің бәрін толық жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
– Шымкент қаласында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін метан газымен жүретін 590 жаңа автобус сатып алынған болатын. Қазіргі таңда оның 150-і іске қосылған. Ал қалғаны газ толтыру компрессорлық станциясына байланысты болып тұр. Сол себепті бұл жұмыстарға күш салудамыз. Яғни, бүгінде екінші станцияны салу жұмысы аяқталуға жақын. Екінші бекет 15 сәуірде іске қосылған соң, 300 жаңа автобусты жүргіземіз. Жалпы, жыл соңына дейін сатып алынған қоғамдық көліктің бәрін толық жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Сонымен қатар, биыл шалғай аудандардағы ішкі орамдық көшелердің құрылысына басымдық берілетінін де атап өтті.
– Биыл Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, жол жөндеу жұмыстары барысында шалғай аудандардағы ішкі орамдық көшелердің құрылысына басымдық беріп отырмыз. Алайда жол жөндеу маусымын бастап кетуге ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Былтыр наурыз айының басында ойықтарды жамау және жолақ сызу жұмыстары басталып еді. Ал бұл жылы жөндеу жұмыстарына сәуір айының ортасына қарай толыққанды кіріскелі отырмыз, – деді М.Исахов.