Жыл басынан бері 200-ден астам тұрғын вирус жұқтырған.
Жыл басынан бері Шымкентте 200-ден астам тұрғын коронавирус жұқтырған. 77 адам пневмония дертіне шалдыққан. Осы жылы тәжді вирустан 2 адам қайтыс болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
Бүгінде қаламыздағы жұқпалы ауруханаларда 196 науқас ем қабылдауда. Жалпы, инфекциялы дерттерге арналған 1060 төсек орны болса, оның 864-і бос тұр. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың мәлімдеуінше, мегаполис коронавирустың ықтимал толқынына сап дайын.
- Шымкент қаласы қазіргі таңда жасыл желекте. Бұл қуантарлық жағдай. Бірақ, оған қарамастан жұмысты күшейтіп жатырмыз. Жоспар АБС планы бойынша жүзеге аса береді, - деді басқармасының басшысы.
Сондай-ақ басқарма басшысы елді елеңдеткен екпе мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, вирусқа қарсы екпе жұмыстары 1-ақпанда басталады. Алдымен, медицина қызметкерлеріне жасалмақ. Олардың қатарында Бақытжан Позиловтың өзі де бар.
- Вакцина тегін. Ең алдымен медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне салынады. Әрине, мен өзім де салдыратын боламын. Оны өздеріңізге көрсететін боламын, - Бақытжан Позилов
Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызынан бастап, бүгінгі күнге дейін ковид-19 инфекциясының 5 771 жағдайы тіркелген.