​Шымкентте Құрсай шағын ауданына жаңа электр желілері тартылып жатыр

0
2 297

Бұрын қуат көзі жекеменшіктің қолында болғандықтан құрсайлықтар жылдар бойы жарықтың зарын тартып келген болатын.


​Шымкентте Құрсай шағын ауданына жаңа электр желілері тартылып жатыр

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Абай ауданындағы Құрсай шағын ауданына жаңа электр желілері тартылып, трансформаторлар орнатылып жатыр, деп жазады 24.kz.

Бұрын қуат көзі жекеменшіктің қолында болғандықтан құрсайлықтар жылдар бойы жарықтың зарын тартып келген болатын. Енді сапалы электр энергиясына қол жеткізді.

Құрсай шағын ауданында 5 мыңнан астам отбасы тұрады. Оның жартысына жуығы бұрыннан қалаға қарайды. Қалған бөлігін «Жаңатұрмыс» деп атайды. Осы «Жаңатұрмыс» деп ат қойып, айдар тағылған бөлігі 10 жылдан бері жарыққа жарымай келеді. Онда 2 мыңға жуық отбасы бар.

«Трансформаторлардың барлығы жекеменшіктің қолында болғандықтан кез келген уақытта жарық сөніп қалуы мүмкін», - дейді ауыл тұрғындары.

Әрі барлық қуат көзін тартатын желілер де әбден тозған.

Шәкір Аббазов, ауыл тұрғыны:

- Мысалға 250 отбасыға арналған трансформаторда 500-ге жуық отбасы отыр. Сол себепті ауырлық түседі, күш түседі, күйеді, өртенеді. Жарық апталап болмайды. Қыстың күндері, әсіресе, көп сөніп қалады. Ағаштан тартылған соң жерде салбырап тұрады. Жел болса бір-біріне тиеді де сөніп қалады. Өте қиын жағдайда. Бағасы 25 теңгеден 40 теңгеге дейін барады.

Ұлдыбай Айтілеуов, ауыл тұрғыны:

- Мына бағаналарды көріп тұрсыздар ғой бәрі қисайып, тозып, 10 жылдай боп қалды. Жұрт әбіржіді. Жаңа қуат көзін тартып берген жігіттерге, әкімшілікке, рахмет бәріне.

Құрсайлықтардың көптен күткен арманы орындалды. Ауыл халқының қуанышында шек жоқ. Тозған желілер мен ескі трансформаторлардың орнына жаңа қауіпсіз оқшауланған электр желілері тартылып, толымды трансформаторлы шағын стансалар орнатылып жатыр.

Сәбитбек Құралов, қала маңы электр тарату бөлімі басшысының орынбасары:

- Биыл 13 шақырым жерге 0.4 кВт желі тартылып, 450 бағана орнатылды. Ал төрт жарым шақырымға 10 Влт желі тартылып, 150 бағана орнатылды. Бір жекеменшік трансформатордың орнына 6 жаңа трансформатор қойылды. Бұрын бүкіл шағын ауданды 9 трансформатор қуат көзімен қамтып келген екен. Енді олардың орнына 24 жаңа трансформатор қойылмақ. Қазір Құрсай шағын ауданындағы 1800 абонентке жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 11 толымды трансформаторлы шағын станция іске қосылған. Алдағы қазан айының соңына дейін қалған 13 трансформатор орнатылып, халықты сапалы жарықпен қамтамасыз етпек.