Мерекелік шара соңы дәрігерлер туралы деректі фильм және концерттік нөмірлермен ұласты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарын марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Медицина саласына қосқан жоғары үлесі үшін 5 қызметкерге Шымкент қаласы әкімінің алғыс хаты, 5 азаматқа «Еңбек ардагері» медалі, 8 маманға «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі, 5 дәрігерге «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі табысталды.
- 2020-2021 жылдар медицина саласы үшін өте ауыр болды. Сын сағатта медицина қызметкерлері ажалмен арпалысып, ауыр бейнеттің ортасында жүрді. Өткен жылы дәрігерлер кәсіби мерекелерін тойлаған жоқ. Оған мүмкіндік те болған жоқ. Сіздерге үлкен міндеттер қойылып, сонымен бірге мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп келеді. Коронавирус індетіне қарсы күресте жанкешті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын! - деген шаһар басшысы сала үздіктерінің қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдарындағы медицина саласының жетістіктерін атап өтті. Денсаулық сақтау саласындағы бюджет 30 жылда 50,8 млн.теңгеден 79,1 млрд. теңгеге дейін өскен. 3000 бірліктен астам медициналық техника сатып алынған. Бүгінгі күні қаланың медициналық ұйымдарының жарақтандырылуы 25,3 пайыздан республикалық көрсеткішке 77,5 пайызға дейін жеткізілді. Дәрігерлер саны 1991 жылғы 2205 дәрігерден 2021 жылы 4205-ке дейін өсті.
Мерекелік шара соңы дәрігерлер туралы деректі фильм және концерттік нөмірлермен ұласты.