Шымкентте мердігер мекемелердің жұмысы талқыланды

0
390

Сапасыз жұмыс істегендер жауапкершілікке тартылады.


Шымкентте мердігер мекемелердің жұмысы талқыланды

ERNUR.KZ. Бүгінгі аппарат мәжілісінде бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Онда инфрақұрылым жүргізуге тартылған мердігер мекемелердің жұмысы талқыланды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қазылған жолдардың міндетті түрде қалпына келтірілуі тиіс екенін, мұндай сапасыздыққа жол берген мердігерлердің қылмыстық жауапкершілік тартылатынын жеткізді.

Сонымен қатар, жиында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов мегаполистің 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне тоқталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 250,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артты.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оқушыларды жазғы демалыспен қамту мәселесін баяндады. Биыл жалпы білім беру ұйымдарындағы оқушылардың 94 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарлануда.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев қала әкімінің тұрғындармен кездесуіндегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуын баяндады. Халықпен кездесу барысында 65 мәселе көтеріліп, бүгінде оның 30-ы орындалған, қалғаны орындалу барысында.
Қала әкімі жауаптыларға бюджет қаражатын барынша тиімді жұмсап, жұмыс көлемі мен сапасын арттыруды ескертті.

Бұған дейін де қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс нысандарына барып жұмыстарды бақылау кезінде мердігер жұмысына көңілі толмай сынға алған болатын.

Әкімнің сынына ұшыраған құрылыс өткен жылдың маусымында басталып, желтоқсан айында аяқталған еді.

Іргетасы осыдан отыз жыл бұрын қаланған ғимараттың сыйымдылығы – 1 260 орындық. Мұнда қазір 2 мыңнан аса оқушы білім алуда. Екі ауысымды мектепте 65 оқу кабинеті, кітапхана, еңбекке баулуға арналған арнайы кабинеттер, мәжіліс залы, асхана қарастырылған.
Еске салсақ, ғимараттың күрделі жөндеуіне көңілі толмаған қала әкімі әрлеу жұмыстары мен қабырғалардың сапасыздығын сынға алған. Құрылыс басқармасының басшысына мердігерлер есебінен кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруді тапсырған еді. Сондай-ақ алдағы уақытта жеке компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында қадағалау жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.