Оған 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентте 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
«Бұл кәсіпорындар жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынады. Бүгінгі таңда аймақта инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 50-ден астам ірі жоба іске аспақ. Оған 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді», - деді әкім.
Бұдан бөлек, ел Президенті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Қала әкімі осы мақсатта Шымкент қаласында тағы да бір «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын жеткізді. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118,9 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері 5 кәсіпорын ашылды. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мұрат Әйтенов халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындары санын арттыру жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі 52,3 млрд. теңгені құрап, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды. Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасын атап өткім келеді. Жоба құны 23,4 млрд. теңгені құрайды. Жаңадан 145 жұмыс орны ашылды. Онда жылына 500 млн. дана алюминий банкілерін шығару жоспарлануда. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады.