Шымкентте өткен жылы 239 жоба іске асырылды

0
293

Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 44,7 млрд теңге бөлінген.


Шымкентте өткен жылы 239 жоба іске асырылды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкентте өткен жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 239 жоба іске асырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2020 жылы Шымкент қаласы бойынша Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 44,7 млрд теңге бөлініп, 239 жоба іске асырылды. Ондағы 32,1млрд теңге «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы холдингі» АҚ-ның қаражаты болса, 12,5 млрд теңге республикалық бюджет. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның аясында жүзеге асырылған жобалардың ішінде 111-і инженерлік транспорттық инфрақұрылымда, 45 жоба әлеуметтік – мәдени нысандар, 45 жоба тұрғын үй коммуналдық шаруашылық болса, 38 жоба абаттандыру екен.
«Осы бағдарламаның жүзеге асырылуының нәтижесінде өткен жылы 8 753 жұмыс орындары ашылды, сондай-ақ 634 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал тозығы жеткен 15 білім мекемелерінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Үш аусымда білім берудің алдын алу мақсатында екі мектеп жанынан қосымша 300 орындық оқу корпусы салынып екі аусымда 1200 бала білім алуға мүмкіндіктер туды. Тоғыз мектепке спорт алаңшалары орналастырылып, 11 мың балаға заманға сай спортпен айналысуына жағдай жасалынды», - деді қала әкімі.
Сонымен бірге 27 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен және 5 мың адам сапалы электр қуатымен қамтылған. Кәрізбен қамтылған тұрғындар саны 12 мың адамға артып, қамтылу көрсеткіші 49,1%-дан, 50,2%-ға дейін өссе, жылу құбырларының тозу деңгейі 42,7%-38%-ға төмендеген. Бұдан бөлек, «Өтеміс» каналының арнасы күрделі жөндеуден өтсе, 109 автомобиль жолдары жөндеуден өткізілді. Ал 106 көп қабатты тұрғын үйдің 66 ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы орнатылған.
Бұл жұмыстардың барлығы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жүзеге асырылған.