Шымкентте Өзбекәлі Жәнібек атындағы орталық ашылды

0
762

Орталық ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұрасын зерттеуге қызмет етеді.


Шымкентте Өзбекәлі Жәнібек атындағы орталық ашылды

Шымкент қаласындағы ірі оқу ордасында Өзбекәлі Жәнібек атындағы орталық ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін қаладағы ірі оқу орнында «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» атты республикалық форумда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева оқу ордасына Өзбекәлі Жәнібеков есімін беруді ұсынды.
Ұсыныстан соң, форум аясында қайраткерлік рухтың тәлім-тәрбиеге қосар үлесі ескерілгені болар, оқу орны ішінен «Өзбекәлі Жәнібек орталығы» ашылуы салтанатты түрде өтті.
Өзбекәлі Жәнібек – ұлт ұстазы! ОҚМПУ ұжымы университетті қоғам қайраткерінің есімімен атасақ деген ұсынысын ортаға салып отыр. Ал, бүгін осы ұсыныстың алғашқы қадамы ретінде «Өзбекәлі Жәнібек орталығы» ашылды. Бұл — қоғам қайраткеріне деген құрмет, игілікті іс. Өзбекәлі Жәнібек – Мектеп ұстазы. Жастар ұстазы. Ұлт ұстазы, – деді жазушы Қ.Ергөбек.

Іс-шара барысында ОҚМПУ ректорының кеңесшісі, профессор Құлбек Ергөбек «Мектеп ұстазы. Жастар ұстазы. Ұлт ұстазы» тақырыбында баяндама жасап, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қайраткерлігі хақында ой қозғады. Құлбек Сәрсенұлы қазақтың қазіргі тарихында өзіндік орны бар бірегей тұлға жайлы тың деректермен бөлісті. Еңбек жолын ауыл мектебінде қарапайым ұстаздықтан бастаған Ө.Жәнібековтің ұстаздық қабілетін айшықтап, жастардың көшбасшысы, идеологиялық жұмыстың қозғаушы күші санатындағы қайраткерлік қасиетін бағамдады. Елден ерек қарымы, тағылымды еңбегі жөнінде мазмұны терең мағлұматтар берді. Ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесін, мәдениет саласының өрістеп дамуына, ұлттық мәдени құндылықтардың қайта түлеп жаңғыруына сіңірген еңбегін Ұлт ұстазы ретіндегі бейнесі арқылы ашып көрсетті.

“«Өзбекәлі Жәнібек атындағы орталық ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұрасын зерттеуге қызмет етеді», - деді ғалымдар.
Яғни, ұлттық құндылықтарды, қазақ мәдениетінің қалыптасу үрдісі мен даму белестерін ғылыми тұрғыда дәйектеуге жәрдемші болып, педагог мамандардың білімі мен тәжірибесін кеңейтуге үлесін қоспақ.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумы өтіп жатыр. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан форум ұлт тарихындағы кемеңгер тұлғалардың парасат пайымын зерделеу, олардың тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтап, бүгінге жалғастыру міндетін көздейді. Форумға министрлік өкілдері, республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, мемлекеттік органдардан да жауапты мамандар қатысуда. Форум «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. ОҚМПУ бас ғимаратында меймандар «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында» археологиялық көрмесімен танысып, студенттердің қолөнер туындыларын тамашалады.