Шымкент қаласында осымен бесінші рет өткізіліп отыр.
Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Үлгілі отбасы» байқауы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтсақ, бұл байқау Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Ұлттық бірегейлікті сақтау» мақаласының тақырыбы аясында, қалалық ішкі саясат және дін істері және отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қолдауымен ұйымдастырылған.
Жалпы, сайыста 8 отбасы үш кезең бойынша өнер көрсетті. Нақтырақ айтсақ, алдымен жетістіктерін көрмеде ұсынған отбасылар сахнада өздерін таныстырып, қазақтың салт-дәстүрінен көріністер көрсетті. Одан бөлек, салт-дәстүрлер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.
Нәтижесінде, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Ақмолда бастаған әділқазылар алқасының шешімімен 1-орын Усмановтар әулетіне бұйырып, қаратаулық отбасыға 300 мың теңге қаржылай сыйақы берілді. Ал, 250 мың теңге мен екінші орынды еншілеген Жүсіповтер (Әл-Фараби ауданы) отбасы болды. Сонымен қатар, Еңбекші ауданының намысын қорғаған Рүсменбетовтер үшінші орынды (150 мың теңге) иеленді және қалған отбасылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Айта кетейік, аталған байқау Шымкент қаласында осымен бесінші рет өткізіліп отыр.