Қалада жаңа оқу жылы 742 білім беру мекемелерімен 320 мыңға жуық білім алушылармен басталғалы отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласындағы мектептерде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осыған сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов №24 С.Ерубаев атындағы мектеп-лицейіне барып, 2020-2021 оқу жылына дайындық жұмыстарының барысын пысықтады. Оқу сыныптарын аралап, БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.
Қала әкімінің айтуынша, биыл 13 мектеп (6 жаңа, 7 қосымша) және 2 өнер мектебінің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 5 100 орындық 8 мектептің (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебінің ғимараты пайдалануға беріледі. Ал, 5 мектептің құрылысы (2 жаңа, 3 қосымша) 2021 жылы аяқталады.
Нәтижесінде, апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азаяды.
«Биыл 1-сыныпқа 24 мыңнан астам бала келеді деп жоспарлануда. Білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалдануда. Қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, 15 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. 17 мектепке спорт алаңдары, 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылуда. Сондай-ақ, соңғы үлгідегі бейне бақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында сатып алынатын 11-сынып оқулықтары мен қалған сыныптар үшін қосымша оқулықтардың 60%-ы тасымалданды. Жұмыстар толығымен 25 тамызға дейін аяқталатын болады.