3 013 адам ресми түрде жұмысқа орналасты.
Шымкентте 25 жаңа кәсіпорын ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев мәлімдеді.
– Шымкент қаласында жұмыссыздықты қысқарту мақсатында бірнеше жоба іске асырылды. Атап айтқанда, өткен жылы мобильді жұмыспен қамту орталықтарына 77,5 мың адам жүгінді. Оның ішінде 63,5 мыңына жекелей кеңес беріліп, «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында 7 884 адам оқуға жіберілді. Нәтижесінде, 3 013 адам ресми түрде жұмысқа орналасты. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде оқу орталықтарында 2 000 жұмыссыз оқудан өтіп, оның 70,1 пайызы жұмыспен қамтылды, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Спикердің сөзінше, «Нишалық жобалар» бағдарламасы аясында өткен жылы «Бал декор» компаниясының кілемдерге арналған шашақтар өндірісі іске қосылған. Ал 2021 жылы картонға арналған қағаз және жұмыртқа қорабы, қатырғыштар, қағаздан жасалған цилиндрлер өндірісі бойынша 3 меморандумға қол қойылған. Яғни, аталған бағдарлама аясында алдағы екі жылда импорт алмастыруды қамтамасыз ету, 400 жаңа жұмыс орнын, 100 жаңа тауар түрін және 25 жаңа кәсіпорын ашу көзделуде.
2020 жылы экспорт бойынша Кәсіпкерлер палатасы 21 кәсіпорынды сүйемелдеуге ықпал жасаған. Сонымен қатар 40-тан астам кәсіпорын мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алған.