Аталмыш акция екі күнге жалғасқан.
Шымкентте “Жолда қабылдау” акциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкентте республикалық “Жолда қабылдау” акциясы екі күн бойы жалғасқан.
Халықпен кері байланысты одан әрі нығайту, тұрғындардың талап-тілектерімен өтініштерін қанағаттандыру мақсатында ұйымдастырылған акция аясында тұрғындар өздерінің мәселелеріне қатысты полиция қызметкерлері тарапынан нақты әрі жылдам жауап алды.
Полиция департаментінің ресми аккаунттары “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфир жүргізіліп, келіп түскен сауалдарға құзырлы орган өкілдері онлайн-режимде жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі көліктерді тіркеу, (Армениядан әкелінген көліктер) онлайн режимінде айыппұлды қарау, карантин жағдайына байланысты кәсіпкерлік нысандарына қатысты шектеулер мен көші-қон заңнамаларына байланысты болды.
Шымкент қаласы ПД Көші-қон қызметі басқармасының инсекторы Берік Стаев:
– Қазіргі карантинге байланысты қонаққа келген шетел азаматтары Қазақстанның аумағынан шыға алмай қалған жағдайда, оларға ешқандай әкімшілік шара қолданбастан, мерзімдерін ұзарту көзделген. Алайда ол азаматтар, өздерінің келу мақсаттарын бұзған жағдайда тиісті әкімшілік шара қолданылады. Сонымен қатар еңбекші көшіп келушілер, олардың алдын жиналған құжаттары ҚР ІІМ 2014 жылғы №76 бұйрығына сәйкес құжаттар жиналды. Соған сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады,- деп атап өтті.