Шымкентте жыл соңына дейін 2,5 мың жас жұмыспен қамтылады

0
1 446

«Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асады.


Шымкентте жыл соңына дейін  2,5 мың жас жұмыспен қамтылады

Шымкентте жастар практикасымен 600-ге жуық маман жұмысқа жолданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкентте «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жастарды жұмыспен қамту ісі қарқынды жүргізілуде. Жұмыспен қамту орталығының мамандары жыл басынан бері 29 жасқа дейінгі 600-ге жуық қала тұрғындарына жолдама берген. Осы жылы аталған бағдарлама аясында 2500 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Бағдарлама аясында жас маманды бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында мекемеге 6 айға жолданады. Содан кейін, тәжірибеден өткен маман екі жақтың келісімімен тұрақты жұмысқа орналасатын болады.
Жастар практикасымен жұмыс істеп жүрген маманға 25 АЕК көлемінде айлық жалақы төленеді.
Бағдарламаның мақсаты – жас маманды жұмыспен қамтып қана қоймай, оның бойында іскерлік қабілеті мен жауапкершілігін арттыруды да көздейді.
«Еңбек» бағдарламасының ІІІ бағыты арқылы еңбек нарығындағы белсенділігі артқан жастардың бірі – Ақбілек Түзелова. Ақбілек Түзелованың жасы 23-те. Ол 2019 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Радиотехника электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша бітірген.
2021 жылы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясының филиалына «Жастар практикасы» бағдарламасымен жолданды. Қазіргі таңда «Радиотехник» мамандығы бойынша жұмыс істейді.
Былтыр Шымкент қаласында аталған бағдарламамен оқу орнын бiтiрген 2 953 жас түлек түрлі жұмыс орындарына жолданып, солардың 600-ге жуығы бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылды. Жастардың көбісі мемлекеттік мекемелерді таңдаған.