Шымкенттік дәрігерлер пневмониямен ауырғандарды жаңа тәсілмен емдеуді бастады

0
2 478

ЭКМО құрал-жабдығы арқылы науқастың ағзасын толық мөлшерде оттегімен қамтамасыз етуге болады.


Шымкенттік дәрігерлер пневмониямен ауырғандарды жаңа тәсілмен емдеуді бастады

Шымкент қаласындағы Кардиологиялық орталықта пневмониямен ауырған 5 науқас ЭКМО терапиясы арқылы емделіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталмыш терапия пандемия өршіген уақытта жағдайы аса ауыр науқастар үшін өте тиімді. ЭКМО тәсілі арқылы науқастың ағзасын толық мөлшерде оттегімен қамтамасыз етуге болады.

Қазір Шымкент қалалық кардиологиялық орталық дәл осы тәсіл арқылы жағдайы ауыр науқастарды емдеуді бастап кеткен.



"Өкпенің қабынуын - тыныс алу мүмкіншілігі өте қиын жағдай тудырады. Ең қиын жағдайға тап болған науқастарға Шымкент қалалық кардио орталықтың реанимация бөлімшелерінде, интенсивті ем алуға, яғни, ЭКМО терапиясын қолдануға мүмкіншілік жасап, күрделі науқастарды орталығымызға жатқызып жатырмыз.

Біздің орталықта ЭКМО деген құрылғы бар. Тыныс алу мүмкіншілігі болмай жатқан науқастың тыныс алуына сырттан беретін құрал-жабдықтар көмектеспегенде, біз науқастың қантымырлары арқылы, басқа түтікшелермен қосымша аппаратқа жалғаймыз. Онда оттегімен қамтамасыз етілмей жатқан қанды алып, веналар арқылы аппаратқа жалғап, құрамындағы оксинатор арқылы қанды толық мөлшерде оттегімен қамтамасыз етеміз. Организмде циркулация жасалады. Соның арқасында толық мөлшерде организмді оттегімен қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз бар", - дейді Шымкент қалалық кардиологиялық орталық директоры Ермағамбет Қуатбаев.



Қазір бұл орталықта пневмониямен сырқаттанған 5 науқас жатыр.

Дегенмен, қалада мұндай құрал-жабдықты қажет етіп отырған науқастар аз емес.

Ермағамбет Қуатбаевтың айтуынша, ЭКМО орталық ашып, осы тәсілді қолдануға мүмкіншіліктері бар. Ахуалы нашар науқастарды осы аппаратқа қосу арқылы жағдайын жеңілдетуге мүмкіндік туады.

Айта кетейік, бұл тәсілді еліміз бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық кардиохирургиялық орталығы және Шымкент қаласындағы Кардиологиялық орталық пайдаланып отыр.