Шымкенттік полицей отқа оранған үйден ер азаматты алып шықты

0
1 323

Шымкентте денесінің күйіп қалғанына қарамастан жалынды ауыздықтауға атсалысқан полицей өртеніп жатқан үйден ер азаматты алып шықты.


Шымкенттік полицей отқа оранған үйден ер азаматты алып шықты

ERNUR.KZ. Шымкентте денесінің күйіп қалғанына қарамастан жалынды ауыздықтауға атсалысқан полицей өртеніп жатқан үйден ер азаматты алып шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған оқиға Қазығұрт мөлтекауданында болған.

«Тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, өрт шыққан. Полиция капитаны Нұрлан Тасболатов өз өміріне қауіп төніп тұрса да, отқа оранған үйден ер азаматты алып шыққан. Нұрлан ары қарай өртті сөндіруге белсене көмектеседі. Құтқарушылар жеткенше қарап тұрмай, өрт сөндіргіш құралдардың көмегімен жалынды сөндіре бастаған полиция қызметкерінің өзін де күйік шалды»,- делінген хабарламада.

Осылайша Нұрлан Тасболатов көзсіз ерлік көрсеткен. Қазіргі таңда полиция қызметкері ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын бірқалыпты деп отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысы ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны Нұрлан Тасболатов Ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жоғары білімді заңгер. Бокстан спорт шебері. Ұжымда өзін жақсы қызметкер ретінде көрсетіп келеді. Жұбайы екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.