Полиция қызметкері Кеңес Сейтханович Ерімбетов пен Әбдірашит Сержан Шардара қаласында орналасқан Шардара су қоймасынан жас қызды алып шықты.
Шымкент қаласының мамандырылған күзет қызметінің полицейлері өзін-өзі өлтірмекші болған жас қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2019 жылдың 9 сәуірінде сағат 15.50 шамасында кезекші бөлімге жергілікті тұрғындардан жас қыздың жардан суға секірмек болғанын көргені туралы хабарлама келіп түсті. Оқу-жаттығу өткізуге Шардара қаласына іссапармен барған Шымкент қаласы және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция және техникалық қызметті ұйымдастыру бөлімінің ерекше тапсырма бойынша аға инспекторы полиция капитаны Кеңес Сейтханович Ерімбетов пен әріптесі Әбдірашит Сержан Шардара қаласында орналасқан Шардара су қоймасы объектісінен 500 метр қашықтықта бір азаматшаның суда ағып бара жатқанын көріп, дереу артынан суға түсіп қызды құтқарған.
«Шардара ауданы жеке құрамының қызмет өткеруін тексеру кезінде сағат 15-00 шамасында Шардара су қоймасына тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрған кезімде бекеттің оңтүстік бағытына қарай 500 метрдей қашықтықта 8-10 метр жардың астындағы суда бір адамның бар екенін көріп, құтқаруға әріптесім Әбдірашит Сержан екеуміз жүгіріп бардық. Барған уақытта қыздың жардан суға құлап кеткенін сезіп, әріптесім екеуміз жардың жанынан айналып суға түсіп қызға құтқару киімін кигізіп, судың саяз жеріне алып шықтым. Сол кезде бекеттегі полиция қызметкерлері медицина қызметкерлерін, жергілікті полиция бөліміне және төтенше жағдайлар бөліміне қоңырау шалып шақырып қойған екен. Олар уақытылы келіп өздерінің алғашқы көмектерін берді» дейді полиция капитаны Кеңес Ерімбетов.
Полицейлер жас қызға медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Жас қыз Шардара ауданының тұрғыны болып шықты.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабымен алдын ала тергеу тізіліміне тіркелді. Қазір болған оқиғаның барлық жағдайы анықталуда.