Шенеуніктер емтихан кезінде көмек көрсетіп, ірі көлемде ақша алған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкенттік екі ірі шенеунікке Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдік тағылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ elitar.kz порталына сілтеме жасап.
Аталған ақпаратқа сүйенсек, бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасаған.
«Қала әкімдігінің ішкі аудит қызметінің жетекшісі 2018-2019 жылдар аралығында Шымкент қаласы білім басқармасының «Музыкалық колледжді» МКҚК директорынан жүргізілген аудиторлық тексеру бойынша оң шешім шығарғаны 1 млн. 200 мың теңге пара алған деген күдікке ілінді. Сондай-ақ, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы мектеп директоры лауазымына тағайындау үшін тапсырылатын тест кезінде көмек көрсетіп, орта мектептегі оқу бөлімінің меңгерушісінен 400 мың теңге сомасында ақшалай қаражат алған деп айып тағылды», - делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің хабарламасында.
Айта кетейік, Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Шымкент қаласы әкімдігі ішкі аудит қызметінің басшысы мен Шымкент қаласы білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлаған.