Қала әкімі елді мекендерде әр салалық бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын, мұның бәрі де азаматтар үшін лайықты өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Асар-2 шағынауданындағы №138 мектепте тұрғындармен кездесіп, инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысын пысықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша мердігер «Сарыағаш-аман» ЖШС тарапынан өткен жылы су жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Ремстрой Алматы» ЖШС тарапынан 87,2 шақырым электр жүйелерінің құрылысы жүргізілді.
50,04 шақырым газ жүйелерінің құрылысы аяқталған. Кәріз жүйесімен қамту бойынша «Монолит дизайн» ЖШС құрылыс жұмыстарын қолға алған. Кәріз жүйелерінің ұзындығы – 39,6 шақырым. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 40 %-ы орындалды. 2022 жылы қазан айында аяқтау жоспарда.
Бүгінгі таңда жеке инвестор қаражаты есебінен Қаратау ауданы аумағындағы бірқатар шағынаудандар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды. Асар-2 шағынауданын оптика желісімен қамтамасыз ету 2022 жылдың жоспарына енгізілді.
Алдағы уақытта шағынауданды толықтай талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда инвестор тарапынан интернет желісін жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар алынуда.
Қала әкімі елді мекендерде әр салалық бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын, мұның бәрі де азаматтар үшін лайықты өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді. Жайлы қаланың келбеті әрбір елді мекенде көрініс тауып, әрбір тұрғын қаламыз үшін мақтанатындай дәрежеде болуы тиіс деді.