​ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ШЫМКЕНТТЕ көшпелі баспасөз брифингі өтті

0
173


​ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ШЫМКЕНТТЕ көшпелі баспасөз брифингі өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеу, нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Осыған байланысты Шымкент қаласында маңызды жұмыстар қолға алынуда.

Бүгін осы бағытта Мемлекеттік жастар саясаты саласындағы өзгерістер мен басқа да өзекті мәселелерге арналған көшпелі баспасөз-брифингі өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбектің айтуынша, қалада техникалық және кәсіби білім беру саласы мен жұмысшы кадрларды даярлауға басымдық беріледі.
Шымкент қаласы әкімдігі Үкімет жоспарының жеті бағытын қамтитын арнайы өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспар алты бөлімнен және 59 тармақтан тұрады:
1. Жұмысшы мамандықтары жылын ұйымдастыру – 5 іс-шара.
2. Кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту – 12 іс-шара.
3. Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және білім беру ұйымдарының тартымдылығын арттыру – 7 іс-шара.
4. Жұмыс берушілердің кадр даярлауға қатысуын кеңейту – 8 іс-шара.
5. Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету – 10 іс-шара.
6. Жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру – 18 іс-шара.
Шымкентте техникалық және кәсіби білім беру жүйесі тұрақты даму үстінде. Қаладағы 39 колледжде 49 780 студент білім алуда, оның ішінде:
• Мемлекеттік колледждерде – 16 957 студент.
• Жекеменшік колледждерде – 32 823 студент.
2024-2025 оқу жылына республикалық бюджеттен 6 000 грант, жергілікті бюджеттен 5 500 грант бөлінді. Барлық гранттар 28 колледждегі 78 мамандыққа толықтай қамтылды:
• Жұмысшы мамандықтарға – 7 761 грант (67,5%).
• Педагогикалық мамандықтарға – 1 933 грант (16,8%).
• Медициналық мамандықтарға – 1 285 грант (11,2%).
• Мәдениет және өнер саласына – 521 грант (4,5%).
«Жұмысшы мамандықтар жылы – жастарды еңбекқорлыққа, кәсібилікке және өз болашағын құруға ынталандыратын маңызды қадам. Біз бұл бағытта қоғамның барлық санатын тартуға күш саламыз», – деді Сәрсен Абайұлы брифингте.
Бөлісу