Қазақстандықтар жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын онлайн ала алады.
Жылжымайтын мүлік иелері бұдан былай нысандарының (пәтерлер, жатақхана бөлмелері, жеке гараждар мен саяжайлар) техникалық паспортының электронды нұсқасын онлайн рәсімдей алады. Цифрлық жаңашылдықты "Азаматтарға арналған үкімет" пен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" жүзеге асырып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
"ХҚО-ға бармай-ақ, техпаспортты алудың онлайн баламасы мүлік иелерінің уақыты мен қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін жылжымайтын мүліктің құжатын алу үшін ХҚО-ға барып, техникалық паспортқа қағаз жүзінде өтініш беру керек еді. Кейін мүлік иесі дайын болған құжатты алу үшін қайтадан халыққа қызмет көрсету орталығына баратын", – дейді "Азаматтарға арналған үкіметтің" басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Бұдан былай техникалық құжатқа онлайн өтініш беріп, дайын үлгісін электронды үкімет порталынан көшіріп алуға болады. Бұл үшін жылжымайтын мүлік иесінің ЭЦҚ-сы мен құқық белгілейтін құжатының бірінің (сату-сатып алу келісімшарты, сыйға беру шарты, жекешелендіру шарты, сот шешімі және т.б.) скан көшірмесі болуы керек. Бастапқы төлем жүргізілгеннен кейін жылжымайтын мүлік иесі электронды құжаттың келгенін жеке кабинетінен көре алады. Жоба іске қосылған бірнеше күннің ішінде онлайн түрде келіп түскен 100-ден астам өтініш өңделген.
Айта кетейік, жеке кабинетке келген электронды техпаспортты жүктеп алу үшін жылжымайтын мүлік иесі қызметтің нақты құнының айырмасын төлегені туралы түбіртекті қоса көрсетуі тиіс. Тек содан кейін ғана қызмет көрсетушіге арнайы код-хабарлама жолданып, техпаспортты көшіріп алуға рұқсат беріледі. Техникалық паспорттың электронды үлгісінің күші ХҚО-да мөр басылып берілетін төлқұжатпен тең болады.
Жылжымайтын мүлік төлқұжатын электронды түрде әзірге Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының тұрғындары ала алады. Пилоттық жоба 2020 жылдың ақпанына дейін жалғасады.