Белградтан оралған отандық боксшыларды жанкүйерлер ерекше қарсы алды

0
555

Бүгін түнде Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Серік Теміржанов, Нұрқанат Райыс секілді дода жеңімпаздарын жанкүйерлер Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайынан қарсы алды.


Белградтан оралған отандық боксшыларды жанкүйерлер ерекше қарсы алды

ERNUR.KZ. Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында бокстан бақ сынаған спортшылар елге оралды, деп жазады baq.kz.

Бүгін түнде Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Серік Теміржанов, Нұрқанат Райыс секілді дода жеңімпаздарын жанкүйерлер Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайынан қарсы алды.


Алғашқы рейспен 57 келіге дейін салмақтағы күміс жүлде иесі Серік Теміржановпен бірге 75 келіге дейін салмақта ширек финалға жеткен Нұрқанат Райыс келді.

23 жастағы Серік - Павлодар облысының тарихында бокстан әлем біріншілігінде топ жарған алғашқы боксшы. Ол бұл жетістігімен мақтанатынын айтты.

Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Мысалы, жапон боксшысы биыл жастар арасында әлем чемпионы атанған. Ресейлік боксшы да өз елінің жеңімпазы. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Финалда сәл қателік кетті, - деді Серік Теміржанов.


Еске салайық, Серік Теміржанов Белградта алдымен моңғол боксшысы Энх-Амаром Хархууды жеңген болатын. Одан кейін жастар арасында әлем чемпионы жапониялық Рейто Цуцмиді жарыс жолынан шығарды. Сосын үндістандық Рохит Мордың осал тұсын тапса, ширек финалда ресейлік Эдуард Савинды, жартылай финалда кубалық Освел Кабальеро Гарсияға мүмкіндік қалдырған жоқ. Тек финалда АҚШ боксшысы Джамал Харвиден жеңілді.

Спортшылардың екінші легінде Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов пен Абылайхан Жүсіпов келіп жетті.


Әуежайда жүлде иегерлерін жанкүйерлер шашу шашып, домбырамен ән салып, ерекше күтіп алды. Спортшылар да осындай ерекше құрметке ризашылықтарын білдірді.

Токио-2020 Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін олқылықтың орнын тыңғылықты жаттығумен толтырдым дейді Сәкен Бибосынов тілшілерге берген жауабында.

Токио Олимпиадасында аздаған сәттілік жетіспей қалды. Соның орнын толтырдым. Белградтағы әлем чемпионатында жеңімпаз атандым. Еліміздің әнұранын шырқату маңдайыма жазылған екен. Осыған қатты қуандым. Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі, - деді 51 келіде әлем чемпионы Сәкен Бибосынов.

Ал ел қоржынан екінші алтын сыйлаған 33 жастағы әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің айтуынша, финалдағы жекпе-жек қиынға соққан бірақ бапкерлердің тапсырмасын ойдағыдай орындап шыққандықтан жеңіске жеткен.

Қателікке бой алдырмауға тырыстым. Себебі әлем чемпионатына тек мықтылар келетінін білдім. Бірақ Алланың қалауымен алтын алдым. Финалдық бәсекеде Тайландтан келген Вуттичай Юрачаймен кездестім. Жекпе-жек оңай болған жоқ. Бірақ бапкерлердің тапсырмасын толық орындадым, жеңіске жете алдым. Енді аздап демалысқа көңіл бөлемін. Одан кейін жоспарымызды бапкерімізбен ақылдасып шешетін боламыз, - деді 48 келі салмақтағы спортшы Теміртас Жүсіпов.

Сонымен қатар Белградтағы әлем чемпионатына Ұлттық құраманы бастап барған бапкер Қайрат Сәтжанов командалық есепте бірінші орын аламыз деген үміт болғанын айтты.

Жалпы командалық есепте бірінші орын аламыз деп ойлап, мақсат қойып келген едік. Соңғы сәтке дейін үмітімді үзбедім. Егер кубалық Ла Круз жеңілгенде біз топ жаратын едік. Негізі финалда қарсыластарына есе жіберген екі боксшының біреуі алтын алғанда онда кубалықтарға қарамастан бірінші орын бізге бұйыратын еді. Бірақ бұйырғаны екінші орын. Ол да жаман емес, - дейді Қазақстан құрамасының бапкері Қайрат Сәтжанов.

Жалпы командалық рейтингтің көш басын Куба бастап тұр. «Бостандық аралының» өкілдері 3 алтын, 2 қола медаль иеленген. Екінші орынға Қазақстан орналасса, үздік үштікті АҚШ құрамасы толықтырды. Олардың еншісінде 2 алтын, 2 күміс медаль бар.