Жартылай финалдағы Италияның «Интер» және «Милан» кездесуі тартысты өтті.
ERNUR.KZ. Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы финалына жолдама алған алғашқы команда анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Жартылай финалдағы Италияның «Интер» және «Милан» кездесуі тартысты өтті. Алғашқы ойында «Интер» сырт алаңда қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Бір қаланың атынан сынға түсіп жүрген қос ұжым көп жылдан бері аталған турнирдің мұндай сатысына дейін жеткен емес.
Сондықтан жанкүйерлер олардан тартысты ойын күткені анық.
Бүгінгі кездесуде қос команда футболшылары жеңіске жетуге бар күшін салды. Ойынның бірінші кезеңінде таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Екінші кезеңде «Интер» сапынан Лаутаро Мартинес 74-минутта қақпаны дәл көздеді.
Осылайша олар қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Айта кетсек, «Интер» жарыстың аталған сатысына 13 жылдан кейін жолдама алып отыр. 2010 жылы бұл клуб аталған турнирдің жеңімпазы атанған еді.
Енді олар финалда «Манчестер Сити» (Англия) - «Реал Мадрид» (Испания) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Олардың арасындағы алғашқы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.
Бұл командалар мамырдың 17-нен 18-не қараған түні ойнайды.