Футболдан Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы Әзербайжаннан жеңіліп қалды

0
409

С лигасы үшінші тобында сынға түскен қазақстандық футболшылар бір тур бұрын В дивизионына жолдамаға қол жеткізді.


Футболдан Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы Әзербайжаннан жеңіліп қалды

ERNUR.KZ. Футболдан UEFA Ұлттар лигасы алтыншы турында Қазақстан құрамасы Әзербайжан құрамасымен сынға түсті, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетсек, С лигасы үшінші тобында сынға түскен қазақстандық футболшылар бір тур бұрын В дивизионына жолдамаға қол жеткізді. Оған қоса 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін жолдаманы сарапқа салуға мүмкіндік алды.

Соған қарамастан ұлттық құрама бапкері Магомед Адиев ойынға негізінен тәжіриелі футболшыларды қосты. Олардың қатарына бұдан бұрынғы кездесулерге қатыспаған ойыншылар қосылды.

Кездесудің бірінші кезеңінде қос құраманың ойын деңгейі қатарлас болды. Ойынның 35-минутында қазақстандық Нұрәли Әліп дөрекі қимылы үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Дегенмен одан кейін де алаң иелері біздің қақпадан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңнің 66-минутында Александр Марочкин өз қақпасына гол соғып алды. Ал 74-минутта әзербайжандық Филип Озобич есепті үстемелесе, Анатолий Нуриев 90-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша Қазақстан құрамасы Әзербайжанға 0:3 есебімен жол берді.

Айта кетсек, екі құрама бұған дейін 7 мәрте шеберлік байқасты. Оның төртеуінде қазақстандық футболшылар жеңіске жетсе, екеуінде кездесу тең аяқталып, біреуінде әзербайжандық құрама басым түсті.

Сондай -ақ, аталған топта бүгін Словакия мен Беларусь құрамалары 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан өз алаңында Беларусьті жеңіп кетті.