Финалда Алматы спортшысымен бәсекелесіп 2 орынды иеленді.
Шымкенттік полицей жауынгерлік джиу-джитсудан Қазақстан чемпионатында екінші орын алып, Әлем және Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«2021 жылдың 25-28 ақпан аралығында Алматы қаласында жауынгерлік джиу-джитсу бойынша Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 250-ге жуық спортшы қатысты. Аталмыш додада 1 және 2 орын алған спортшыларға Әлем және Азия чемпионатына жолдама берілді. Әлем және Азия чемпионаты жолдамасы сарапқа салынатын болғандықтан, жүлделі орындар әрбір спортшыға оңайға соқпады.
Спортшылар арасында Шымкент қаласы Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының инспекторы полиция капитаны Ғалымжан Бақытұлы Қатбаев болды. Ол 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бәсекеге түсіп, финалда Алматы спортшысымен бәсекелесіп, 2 орынды иеленді.
31 жастағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалымжан 13 жыл бойы жауынгерлік джиу-джитсумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады.
Алдағы уақытта Үндістан мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатына қатысып, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын болады.